Алматыда екі белсенді 8 наурызда әйелдер шеруіне рұқсат беруді талап етіп, пикет өткізді


14/02/2024
17:46 8616 0

Фото: Азаттық радиосы және  Bes Media

 

14 ақпанда Алматыда әйелдер шеруіне рұқсат беруді талап етіп, екі белсенді жалғыз адамдық пикет өткізді. Белсенділер пикетке шығатыны жөнінде билікке ескерткен. 

 

Республика алаңындағы Тәуелсіздік монументі алдында Fem Odaq белсендісі Кәмила Еңсеген жалғыз адамдық пикет өткізді. Ол «Адам құқығы – әйел құқығы. Марш болсын!» деген плакат ұстап тұрды. 

 

– 8 наурызда бейбіт митингіге шығу құқығы үшін күресуге келдім. Өкінішке қарай, биыл әкімдік бізге шеруге рұқсат берген жоқ. Осылайша олар біздің бейбіт жиналу құқығымызды бұзғысы келеді. Күн сайын фемицид, харассменттен зардап шегіп жатқан әйелдердің тым болмағанда жылына бір рет өзге әйелдермен жиналып, өздерін алаңдататын жайттарды қаттырақ айтуға құқығы бар деп ойлаймын. Әкімдік бізге осы құқықты жүзеге асыруға көмектессе дейміз, – деді Кәмила Еңсеген.

 

Ол пикет өткізетінін 3 ақпанда қалалық әкімдікке ескерткен.

 

Алматының екінші бөлігі – Арбатта Feminita бастамасының негізін қалаушылардың бірі Жанар Секербаева да 8 наурызда әйелдер шеруін өткізуді талап етіп, жалғыз адамдық пикет өткізді. Ол «Досаев, жүрегімді жараладың», «Армандағы шеруді сүйетінімді жеткізгім келеді» деген плакат ұстап тұрды. 

 

– Біз, феминистер, митинг пен шеру үшін күресімізді тоқтатпайтынымызды жеткізгім келеді. Неге? Халықаралық дәрежеде атап өтілетін күні әпке-сіңлілерімізбен бірігіп, талаптарымызды көптің алдында айтқымыз келеді. Қазақстанда гендерлік мәселелер жетіп артылады. Бізде фемицид бар, сондықтан талаптарымызды айтып отырмыз, – деді ол. 

 

Әйелдер құқығы үшін күресіп жүрген түрлі ұйым өкілдері мен белсенділер жергілікті биліктен 8 наурызда Алматыда әйелдер шеруіне рұқсат беруді талап етіп келеді. Олар биылғы шеруде «Қазақстан әйелдерінің еркіндігі мен қауіпсіздігі» мәселелерін қозғағысы келген. Алматы әкімдігіне бірнеше ескерту хат та тапсырған. Былтыр феминистер әкімдікті сотқа беріп, жеңіліп қалған. Фембелсенділер шеру өткізу туралы тағы өтініш беріп, шеруге рұқсат беруді талап еткен пикеттерді жалғастыратынын айтады.

 

Өткен демалыс күндері Алматыда Feminita белсендісі Ақторғын Ақкенжебаласы қала орталығында пикет өткізіп, әйелдер шеруіне рұқсат етуді талап еткен. Бірнеше күннен кейін өздерін «Желтоқсан оқиғасының қатысушылары»деп таныстырған оннан астам адам пикет өткен орындарды «адыраспанмен аластап тазартқан». Кейбір белсенділер мұны халықтың назарын «биліктің қылмыстары мен жемқорлықтан бұру үшін» жасалып отырған болуы мүмкін деп жазған.

 

Халықаралық Human Rights Watch адам құқығын қорғау ұйымы соңғы есебінде Қазақстан ЛГБТ өкілдеріне құқықтық механизмдерді бермей отырғанын сынаған.

 

 

 

 

Поделиться

Нет комментариев.

14/02/2024 17:46
8616 0

Уведомление